Отан қорғаушылар күні және Жеңіс күні мерекелерімен!
08.05.2019 17:59

Құрметті  отандастар!

Құрметті отандастар! Сіздерді 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні және 9 мамыр – Жеңіс күні мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл екі дата - қазақстандықтардың ерлікке толы шежіресі мен ел егемендігі мен тұрақтылығын сақтауда, мемлекетіміздің қауіпсіздігін қорғауда мінсіз де адал қызмет ету дәстүрінің сабақтастығы деп білемін. Әр отбасы үшін маңызы зор мереке күндері Сіздерге зор денсаулық, қажымас қайрат, жаңа жетістіктер мен мол табыс, отбастарыңызға амандық тілеймін!

- ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев

Қазақстан Біріккен Араб Әмірліктеріне өлімге әкеп соқтырмайтын қару өндірісінің технологиясын экспорттауды жоспарлап отыр
08.05.2019 17:50

Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі Бірінші вице-министрі Талғат Жанжүменов Қазақстан Республикасындағы Біріккен Араб Әмірліктерінің Төтенше және Өкілетті Елшісі Мұхаммед Ахмед Әл-Жабермен кездесті және екіжақты әскери-техникалық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.

Кездесу барысында Қазақстанның қорғаныс кәсіпорындарының өнімдерін Біріккен Араб Әмірліктеріне жеткізу, сондай-ақ осы елге қазақстандық өлімге әкеп соқтырмайтын қару өндірісінің технологияларын экспорттау мәселелері қаралды.

Одан басқа, бірлескен өндірістік жобаларды іске асыру үшін Қазақстан Республикасына Біріккен Араб Әмірліктерінің инвестицияларын тарту мүмкіндігі талқыланды.

Осы мәселелерді Абу-Даби Тақ мұрагері, Біріккен Араб Әмірліктері Қарулы Күштері Жоғарғы бас қолбасшысының орынбасары шейх Мұхаммед бен Заида Әл Нахаянның Қазақстанға сапары барысындағы келіссөздердің күн тәртібіне қосу жоспарланған. Ол біздің елімізге 2019 жылғы 14 мамырда келеді деп күтілуде.

 

ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев Испания Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Елшісі Д.Карриедо Томаспен кездесті
08.05.2019 17:30

Кездесу барысында екі елдің қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің кәсіпорындары арасындағы әріптестікті дамыту мәселелері талқыланды.

«Бізге испандық компаниялардың аэроғарыш және қорғаныс өнеркәсібі салалары бойынша ұсыныстарын жан-жақты қарастыру керек. Себебі, аталған спектрге құрал-жабдықтар мен техника, бағдарламалық әзірлемелер,  киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы  заманауи технологиялар және «ақылды» қалалар мен өндірістерді басқару жөніндегі тұжырымдамаларды дамыту еніп отыр.

«Мен қорғаныс-өнеркәсіп кешені саласындағы  әлемдік көшбасшылардың тиімді инновациялық технологияларын зерделеп, үйрену жөнінде тапсырма бердім, осы орайда біздің  аталған бағыттағы жұмыстарымыз кәсіпорындар кешені мен технологиялар трансфертін дамытып қана қоймай, Қазақстанның өзге де мемлекеттермен дипломатиялық қарым-қатынасын нығайта түсуіне септігін тигізеді деп сенеміз»,- деді Асқар Жұмағалиев кездесу барысында.

Испания Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Карриедо Томас Давид Артуро Қазақстандағы қызметін 2018 жылғы қазан айынан бастап атқарып келеді. Елші өз кезегінде Қазақстан-испандық қарым-қатынасты бірқатар бағытта, соның ішінде әскери-техникалық әріптестік бағытында дамытуда Елшілік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін айтып өтті.

Сондай-ақ, Елші  Қазақстанда өткізілетін,  экспортқа арналған өнімдерді ұсынудың әлеуетті алаңына айналған  Халықыралық «KADEX» қару-жарақ пен әскери техникалық мүлік көрмесіне испандық қорғаныс-өнеркәсіп кешені кәсіпорындарының қызығушылық танытып отырғанын жеткізді.

 

Анықтама:

2005 жылдан 2018 жылдың III тоқсаны аралығында Испаниядан Қазақстанға тартылған тікелей инвестициялардың жалпы көлемі 205,4 млн. АҚШ долларын құраса, Испания экономикасына тартылған  тікелей инвестициялардың жалпы көлемі  – 31,1 млн. долл. 2018 жылдағы епкі ел арасындағы тауар айналымы  - 2,041 млрд. АҚШ долл.

 

Қазақстан Түркияға әскери мақсаттағы өнімдерді экспорттайтын болады
04.05.2019 11:51

Түркия Республикасының Стамбул қаласында өткен қорғаныс саласының «International Defense Industry Fair  2019» 14-ші халықаралық көрмесінің нәтижесінде қазақстандық делегация осындай келісімге қол жеткізді.

ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш министрлігінің кәсіпорындар құрылымына енетін «Қазақстан Аселсан инжиниринг» ЖШС («Қазақстан Инжиниринг» ЖШС) Түркия Республикасына  оптикаэлектрондық құралдарды экспорттау жөнінде шарт жасасты.  Бұдан өзге, компания түрік кәсіпорнымен Қазақстан Республикасының аумағында тікұшақтарға арналған электрондық құрылғылар кешенін жаңашаландыру жөнінде меморандумға қол қойды.

Қазақстандық делегация халықаралық көрме аясында шетелдік әріптестерімен 20-дан  астам түрлі кездесулер өткізді. Атап айтқанда, кооперация, инвестициялар мен жаңа жобаларды тарту шеңберінде бірлескен жобаларды құру мәселелері түркиялық «MKEK» және  «Aselsan» арасындағы, сондай-ақ «TAI» компаниясымен бірлескен жаңа жобаны жүзеге асыру туралы келіссөздер жүргізу барысында талқыланған тақырыптардың  өзегі болды. 

Кездесулер нәтижесінде таяуда түркиялық бес компанияның қорғаныс саласында бірлескен жобаларды жүзеге асырудың техникалық тетіктерін айқындау мақсатында Нұр-Сұлтан қаласына арнайы келуі жоспарланған.

Биылғы «International Defense Industry Fair  2019» көрмесіне Қазақстан алғаш рет Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Қорғаныс министрлігі және отандық қорғаныс өнеркәсібі кешенінің кәсіпорындарынан құралған үлкен делегациямен қатысты. Делегацияны ҚР ЦДҚАӨМ бірінші вице-министрі Талғат Жанжүменов басқарды.  Қазақстандық қорғаныс өнеркәсібі кешенінің өнімдері халықаралық көрмеде бір ұлттық экспозиция ретінде ұсынылды және шетелдік әріптестер мен серіктестер тарапынан үлкен қызығушылық тудырды.

Отандық қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындары өнімдерінен құралған бір ұлттық экспозиция  алдағы уақытта «MILEX-2019» (Беларусь Республикасы, Минск қ.) және «АРМИЯ-2019» (Ресей Федерациясы, Кубинка қ.) халықаралық көрмелерінде көпшілік назарына ұсынылатын болады.

Анықтама:

Халықаралық IDEF көрмесі Түркияда екі жылда бір рет ұйымдастырылады және қорғаныс өнеркәсібі саласындағы әлемдегі ірі  әрі  беделді  көрмелердің ондығына енеді.

Бұның алдында өткен IDEF 2017 көрмесіне 50 мемлекеттен 820 компания қатысып, 116 мемлекеттен келген 65 мыңнан астам қатысушы экспозициялармен танысқан.

IDEF көрмесі – өндірушілер үшін заманауи қорғаныс технологияларымен және әскери өнеркәсіп кешені саласындағы үлгілерімен, әскери техниканың жаңа әзірлемелерімен танысудың  мүмкіндігі болып табылады. 

Асқар Жұмағалиев ХҚКО-мен жиын өткізді
04.05.2019 11:48

ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиевтің «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ басшылығымен өткізген жиынында мемлекеттік корпорацияның 2019 жылдың алғашқы тоқсанда атқарылған жұмыстары қорытындыланып, алдағы кезеңге арналған жұмыс жоспарлары талқыланды. Бейнеконференцбайланыс арқылы онлайн тәртібінде өткен жиынға мемлекеттік корпорацияның барлық облыстық және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларындағы филиалдарының директорлары да қатысты.

Жиында қызмет көрсету сапасын арттыру, қазақстандықтарды өздігінен электрондық қызметтерді алуға үйрету, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу және т.б. мәселелер талқыланды. Кездесуде министр жиынның басты тақырыбы - мемлекеттік корпорация қызметкерлерінің  жұмыс істеу принциптерін қайта қарап, оларды азаматтарға жақын ете түсу  екенін айтып өтті.

«Азаматтарға арналған үкіметтің» негізгі идеологиясы сол, сіздер – азаматтардың көмекшісі қорғаушысысыздар. Яғни, сізге көмекке жүгінген азамат сапалы қызмет алуы қажет. Тіпті, мемлекеттік орган тарапынан  туындаған мәселеге орай, азамат қандай да бір қызметті ала алмаған жағдайда, сіздер барынша көмек көрсетулеріңіз керек. «Бір терезе принципі»-деген осы,- деп  нақтылады Асқар Жұмағалиев.

ХҚКО-да мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын қызметкерлерді қаржылай ынталандыру есебінен арттыру мәселесі де сөз болды. Биыл қызметкерлердің  жалақысы орта есеппен 10% көбейгенімен, 328 фронт-кеңсе басшысына өз шығындарын оңтайландырып, үнемделген ақша қаражатын жалақы қорына аудару ұсынылды.

Осымен бірге, министр мерзімінен кешіктіріліп көрсетілген әр мемлекеттік қызмет бойынша тексеру жүргізіп, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің жұмысына талдау жасауды, орын алған мәселелерді шешу үшін тиісті  іс-шаралар қабылдауды,  азаматтарды өздігінен мемлекеттік қызметтерді алуға үйретуді тапсырды.

«Егер бір аймақта азаматтардың өздігінен egov, телеграм-бот, мобильдік қосымша арқылы қызметтерді алу көрсеткіші 20%-ды көрсетсе, келесі бір аймақта 2%-ды құрап отыр. Бұл облыстық филиал басшыларының жұмысты аяғына дейін жеткізбегенін көрсетеді. Яғни, азаматтарға мұндай мүмкіндіктер жайлы айтпайсыздар немесе оларды дұрыс үйретпейсіздер»,- деп айтып өтті министр.

Тағы бір шешімін күткен мәселе – сыбайлас жемқорлықпен күрес. Мемлекеттік корпорацияда  көрініс беретін сыбайлас жемқорлықты түп тамырымен жоюға Министрліктің Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен әріптестік жөніндегі меморандумы септігін тигізуі керек. Асқар Жұмағалиев аталған құжатқа таяу күндері қол қойылатынын жеткізді.

Анықтама: Бүгінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ-да  мемлекеттік қызметтің 621 түрін ұсынатын 328 фронт-кеңсесі, 9 мыңға жуық қызметкерлер жұмыс істейді.

Rynnakkokivaari 62 (RK 62) Фин автоматы ауқымды жаңғыртудан өтті
03.05.2019 09:36

Warspot Финляндия Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, RK 62М автоматтарының алғашқы партиялары әскери бөлімшелерге түсе бастады деп хабарлайды.

 1962 жылдан бастап финдік Valmet және SAKO компаниялары Rk 62 деп аталатын Калашников автоматының лицензиялық көшірмесін шығара бастады. 2015 жылы әскери ведомство автоматты жаңғырту бағдарламасын іске қосты, оның нәтижесі үш модификациядағы (М1, М2 және М3) RK 62М болды.

Шын мәнінде RK 62М1, М2 және М3 — АК базалық құрылымын пайдаланатын бір автомат. Нұсқалар бір-бірінен қосымша тип, сондай-ақ аксессуарлар жиынтығымен ерекшеленеді. Калибр «туған» болып қалды — 7,62х39 ММ.

Әскери ведомствода заманауи аксессуарларды орнату мүмкіндігі арқасында автоматтың жаңғыртылған нұсқасы 2030 жылға дейін қызмет ететінін көрсетеді.

Жаңғырту жұмыстарының жалпы құны €12,6 млн. құрады.

 

Дереккөз: https://vpk-news.ru/news/49943

 

 

«НҰР-СҰЛТАН» кемесі салтанатты түрде суға жіберілді
26.04.2019 12:08

Бүгін Орал қаласында «Қазақстан инжиниринг» ҰҚ» АҚ қарасты  «Зенит» зауытында» құрастырылған «НҰР-СҰЛТАН» кемесі салтанатты түрде суға жіберілді. Аталған кәсіпорынның отызыншы өнімі  ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің  Шекара әскерлеріне арнап  жасалған.

Тапсырыс берушінің өтініші бойынша кемеге заманауи қару-жарақтар орнатылған. Сондай-ақ, кеменің қолданылу аясы кең, оңай басқарылады, жүзу жылдамдығы жоғары және қажетті  дербестікке ие.

Кеме  еліміздің мемлекеттік шекарасының аумақтық суларын және құрлықтық қайраңын күзету; заңсыз кемелердің жүруін, контрабандалық операцияларды, қарақшылық және заңсыз балық аулауды тойтару мақсатында торуылдау, өз бетінше және басқа да кемелер, катерлер және авиациямен бірге заң бұзушы кемелерді ұстау және тексеріп қарау сияқты мақсаттарға арналған.

Суға түсірілген кеме Жайық өзені арқылы Каспийге жеткізіліп, содан соң зауыттық және тағы да басқа тиісті сынақтан өтеді. Бұл – күштік құрылымдарды қазіргі заманғы отандық қару-жарақтармен қамтамасыз етудегі кезекті қадам. Айтып өту керек, бұған дейін де елімізде  шығарылған кемелер мен катерлер ҚР Әскери-теңіз күштерінде, Шекара әскерлері сапында өздерінің тиімділігін дәлелдеуде. 

Салтанатты шараға Батыс Қазақстан облысының әкімі А.С. Көлгінов, ҚР ҰҚК-нің  Шекара қызметі мен «Қазақстан инжиниринг» АҚ басшылығы, Қарулы Күштер ардагерлері,  «Зенит» зауыты» ұжымы және «НҰР-СҰЛТАН» кемесі экипажының жеке құрамы қатысты.

 

Дереккөз: http://mdai.gov.kz

Иракта Украинадан шыққан котрабандалық қаруды ұстады
26.04.2019 12:02

Ирак полициясы шамамен исламшыл-жауынгерлердің тапсырысымен украиндық  қару өндірісінің контрабандалық партиясын алып тастады. Sky News хабарлағандай, қару салынған контейнер Иракқа жеке сауда кемесі арқылы жеткізілді.

Агенттіктің хабарлауы бойынша «Форт» украиналық өндірістің 1000 тапаншасы Ирактың полициясының қолына түсті. Жеткізушілер «ойыншықтар» және «балалар велосипедтері» ретінде ілеспе кеден құжаттарындағы қару қорапшаларына қол қойды.

«Форт» тапаншасы 1998 жылы Макаров тапаншасын ауыстыру есебінде Украинаның милиция және ішкі әскерлерге (қазіргі уақытта-полиция және ұлттық ұлан) арналған қару-жарақты қабылдады. «Форт» тапаншалардың шағын партиясы әртүрлі уақытта Қазақстан мен Өзбекстнаның Ішкі істер министрлігімен сатып алынды.

 50 метрге дейінгі қашықтықта, қарсыласты жеңуге арналған 12-зарядты «Форт» иір ойықты тапанша. Калибрі- 9 мм.

 

Дереккөз:

https://www.mk.ru/politics/2019/04/12/v-irake-zaderzhali-kontrabandnoe-oruzhie-iz-ukrainy-zamaskirovali-pod-igrushki.html

 

 

Қазақстандағы Германия елшісімен кездесу
25.04.2019 10:35

ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев  Германияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Тило Клиннермен кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар қорғаныс өнеркәсібі мен цифрлық даму саласындағы  әріптестікті келешекте нығайта түсуді талқылады. 

«Бізді Германияның цифрландыру, адами капиталды және инновациялық  экожүйелерді  дамытудағы озық тәжірибесі қызықтырады. Сіздердің аталған салалардағы жетістіктеріңізді ескере отырып, біз германиялық компаниялардың экономиканың барлық секторы бойынша, әсіресе цифрландыру саласында әріптестік орнату жөніндегі ұсыныстарын қарауға  әзірміз»,-деп атап өтті Асқар Жұмағалиев.

Тараптар  өзара тиімді нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік беретін екіжақты  қарым-қатынасты одан әрі арттыруды қолдайтындарын білдірді.

 

Дереккөз: http://mdai.gov.kz

 

Асқар Жұмағалиев жаңа вице-министрлерді таныстырды
10.04.2019 09:41

ҚР Цифрлық даму,  қорғаныс және аэроғарыш  өнеркәсібі министрі министрлік ұжымына жаңадан тағайындалған вице-министрлерді таныстырды.

ҚР Үкіметінің қаулысымен  ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі  вице-министрлері тағайындалды:

Нұрғожин Марат Рахмалыұлы,  бұрынғы ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі, аэроғарыш өнеркәсібі мәселелері  бойынша жетекшілік етуді жалғастырады.

Оспанов Аблайхан Есенұлы, бұған дейін «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Басқарма төрағасының қызметін атқарған, электрондық қызметтерді дамыту мәселелері бойынша жетекшілік етеді.

Тұяқов Дарын Шылбынұлы, бұрынғы ҚР Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі, байланыс саласы бойынша  жетекшілік етуді жалғастырады.

Оразбек Асхат Елубайұлы, бұған дейін «ҚР блокчейн мен криптотехнологияларды дамыту қауымдастығы» КЕҰ вице-президенті қызметін атқарған, ақпараттық қауіпсіздік мәселелері бойынша жетекшілік етеді.

ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев әріптестерін жаңа лауазымға  тағайындалуларымен құттықтап, алға қойған міндеттерді жүзеге асыру жолындағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

 

 

 

Министр блогы
Қ.А. Жұмағалиев
Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі

 

Top