АЭФ-2019 алаңында Асқар Жұмағалиев бірқатар екіжақты кездесулер өткізді

Білім беру жобалары, Data-талдаулар мен биометриялық сәйкестендірулер. Осы және өзге де бағыттар бойынша ынтымақтастықты кеңейту мәселелері  XII Астана экономикалық форум алаңында Асқар Жұмағалиевтің халықаралық ұйымдар мен ірі трансұлттық компания өкілдерімен өткізген екіжақты кездесулері барысында талқыланды.

Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының көмекшісі, БҰҰ Даму Бағдарламасы (БҰҰ ДБ) әкімшісінің көмекшісі және БҰҰ ДБ Еуропа және ТМД бойынша өңірлік бюросының директоры Мирьяна Сполярич Эггер ханыммен кездесуде Асқар Жұмағалиев Министрлік қызметінің негізгі  бағыттары  туралы  әңгімелеп  берді.  Әңгіме барысында тараптар цифрландырудың елдің инновациялық  дамуындағы ролін  және осы саладағы ынтымақтастықты дамытудың  маңыздылығын сөз етті.

Дүниежүзілік  банк  сарапшыларымен  болған  кездесуде  Data-талдаулар бойынша  ауқымды жобаны жүзеге асыру тақырыбы әңгіме өзегіне айналды. Әсіресе, инвесторларды  «Smart Data Ukimet»  жобасы  қызықтырды.

«Біз «Smart Data Ukimet»-ті өте маңызды жоба деп есептейміз. Ол ауқымды деректердің бірыңғай кеңістігін қалыптастыруды көздейді. Мұндай база болашақта ақпараттарды талдауда жасанды интеллектің көмегіне жүгінуге, жоспарлауды жақсартуға және  сценарийлік  болжау  үлгілерінің кешенін әзірлеуге мүмкіндік береді»,- деп мәлімдеді Асқар Жұмағалиев.

Астана экономикалық  форумы алаңында Асқар Жұмағалиев «Cisco», «Idemia», «China Transinfo Technology Co», «Hexagon» компанияларының басшыларымен де екіжақты кездесулер өткізді. Тараптар әріптестік орнатудың мүмкіндіктерін талқылап, тиісті ақпараттармен алмасу туралы өзара  келісімге келді.

Top