Previous Next

ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Б. Атамқұлов Ауғанстанға барды

Елбасының тапсырмасы бойынша ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов Ауғанстан Ислам Республикасына  жұмыс сапарымен барып қайтты.

Сапар барысында Ауғанстан президентімен, атқарушы билік және ұлттық қауіпсіздік хатшылығы басшыларымен, ішкі істер және қорғаныс министрлерімен кездесті.

Ауғанстан президенті Ашрав Ганимен кездесу кезінде ғарыш саласында ынтымақтастық орнату мүмкіндіктері талқыланды, Қазақстан жағы Жерді қашықтықтан зондтау ғарыш жүйесі қызметтерін ұсынды.

Ауған басшысы өз кезегінде елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және терроризммен күрес, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді (тұрғындар санағы деректерін анықтау, полиомиелит ауруының ошағын табу, су ресурстарына бақылау жүргізу, жатып қалған пайдалы қазбаларға геологиялық барлау жасау, инфрақұрылым объектілерін жобалау үшін инженерлік-іздестіру жұмыстарын жүргізу) шешу тұрғысында қазақстандық Жерді қашықтықтан зондтау спутнигі деректерін пайдалануға қызығушылық танытты.

Кездесу соңында Б. Атамқұлов Ашрав Ганиге өзін қабылдағаны үшін алғыс айтып, келіссөздер кезіндегі ұсыныстар жалғасын табатынына сенім білдірді, сондай-ақ Ауғанстан басшылығын 2018 жылдың мамырында Астана қаласында өтетін V «KADEX-2018» Халықаралық қару-жарақ және әскери-техникалық мүлік көрмесіне қатысуға шақырды.

Top