Қазақстанда алғаш рет қорғаныс өнеркәсібі қызметкерлерінің мерекесі аталып өтілді

Астанада биыл тұңғыш рет аталып өтіп отырған қорғаныс өнеркәсібі қызметкерлерінің мерекесіне орай ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі (ҚР ҚАӨМ) қызметкерлері мен қорғаныс кәсіпорындарының еңбек ұжымы өкілдеріне арналған мерекелік жиын болды.

Еске саламыз, 2017 жылғы 31 қазандағы № 689 ҚР Үкіметінің Жарлығымен Қазақстан Республикасы қорғаныс өнеркәсібі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аталып өтіледі.

Шара барысында ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов қорғаныс саласындағы қызметкерлерді мерекесімен құттықтап, еңбегімен көзге түскен шеберлерді, инженерлерді, конструкторларды, сонымен бірге Қазақстанның қорғаныс өнеркәсібі ардагерлерін ведомстволық наградамен, ҚР ҚАӨМ құрмет грамотасымен және алғыс хатымен марапаттады.

«Еңбек ардагері» медальімен «Зенит» Орал зауыты» АҚ бюро басшысы Владимир Шулекин, «Семей машина құрастыру зауыты» АҚ энергия-механикалық қызметінің басшысы Александр Шевченко, «Қазақстан Инжиниринг R&D орталығы» ЖШС Бас директорының орынбасары Амантай Жұтабаев, «ПЗТМ» АҚ құрал-сайманшысы Мирзовой Даркеев, «Киров атындағы машина құрастыру зауыты» АҚ техникалық жөндеу бөлімінің электригі Петр Криворот, «Алатау» Алматы Арнайы конструкторлық бюро ғылыми-өндірістік кәсіпорны» ЖШС құрастыру-монтаждау өндірістік бөлімінің басшысы Галина Недбай, «ЗКМК» АҚ Бас директорының кеңесшісі Виктор Кузнецов марапатталды.

12 зауытшыға «Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібін дамытуға қосқан үлесі үшін» медальі берілді, 6 қызметкер Құрмет грамотасымен марапатталса, 2 қызметкерге алғыс хат табысталды.

Үздік қызметкерлерді марапаттау мерекелік концерттік бағдарламамен аяқталды.

Top