Асқар Жұмағалиев ҚАӨМ қызметінің негізгі басымдықтарын айтты

Бүгін ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінде (ҚР ҚАӨМ) алқа отырысы өтті, онда 2018 жылғы қызметтің қорытындысы қаралды және ағымдағы жылға арналған негізгі міндеттер анықталды.

Алқа жұмысына ҚР Президентінің көмекшісі –Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Қалмұханбет Қасымов, ҚР Парламент депутаттары, ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің және басқа да мемлекеттік органдардың басшылары, ведомстволық бағынысты ұйымдар мен кәсіпорындар қатысты.

Алқа отырысында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары — ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев ведомство жұмысының негізгі басымдықтарын анықтап, Министрлік қорғаныс-өнеркәсіп кешеніндегі (ҚӨК) қазақстандық қамтудың  үлесін арттыруға, экспортқа тауарлар көлемін ұлғайтуға, сондай-ақ отандық ҚӨК өнімдерін өндірушілерді қолдау үшін қосымша шаралар қабылдауға ниетті екенін атап өтті.

«Біздің басты міндетіміз бүгінгі таңда қазақстандық қамту үлесін арттыру. Қорғаныс-өнеркәсіп кешені үшін өнім өндіретін зауыттарға барып, жұмыстарын көзбен көргеннен кейін, кәсіпорындарда пайдалануға қажетті әлеует бар деп толықтай айта аламын. Біз, өз кезегінде, ҚӨК отандық кәсіпорындарын қолдау шараларын кеңейтетін боламыз. Халықаралық тәжірибеде инвестициялық келісімшарттар, салықтық және басқа да жеңілдіктер қолданылады. Біз бұл мәселелерді де пысықтаймыз, өйткені бұл саланы дамыту үшін маңызды» — деп атап өтті министр.

Сонымен қатар, Асқар Жұмағалиев Министрлікке және ведомствоға қарасты компанияларға ҚӨК, аэроғарыш саласы мен ақпараттық қауіпсіздік саласын дамыту үшін жеке бизнесті тартуды, сондай-ақ бизнеске бәсекелестік тудыратын жобаларға бастамашылық жасауды тапсырды.

«Біз жеке бизнеске кедергі жасамауымыз керек, бұл туралы Мемлекет басшысы үнемі айтып келеді,. Сонымен қатар, кейбір міндеттерді мемлекетке қарағанда бизнес тиімді орындай алады. Сондықтан, биылғы жылдан бастап геопорталдарды құруды бәсекелестік ортаға береміз», — деді Жұмағалиев.

Сондай-ақ алқа отырысында өз бағыттары бойынша ҚАӨМ вице-министрлері, ведомствоға қарасты ұлттық компаниялардың басшылары 2018 жылғы жұмыс нәтижелері және осы жылға арналған жоспарлар туралы баяндама жасады.

Атап айтқанда, қорғаныс өнеркәсібі вице-министрі Аманияз Ержанов Министрліктің 2018 жылғы ҚӨК дамыту саласындағы қызметінің қорытындылары туралы айтып, өткен жылдың қорытындысы бойынша қорғаныс өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 2017 жылмен салыстырғанда 4% – ға өсіп, 90,6 млрд.теңгені, өнім экспортының көлемі 7,3 млрд. теңгені құрағанын хабарлады.

Өткен жылы Импорт алмастыру бағдарламасы аясында, оның ішінде бірлескен кооперация шеңберінде шетелдік әріптестермен –  Түркиямен, ОАР, Израильмен, Ресеймен және Франциямен 8 жоба табысты іске асырылды.

«Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ және «С. М. Киров атындағы зауыт» АҚ-да өндірісті жаңғырту басталды, таяудағы жылдары тағы да 7 кәсіпорында технологиялық жаңғырту жүргізу жоспарлануда.

Бұдан басқа, авиацияны жөндеу, бронетанктік техниканы, зымырандық-артиллериялық қару-жарақты, ШҚЖ және арнайы байланыс құралдарын жаңғырту жөніндегі отандық сервистік орталықтар құру жөніндегі жұмыс жалғастырылатын болады.

Айта кетейік, бүгінде ҚР Қорғаныс өнеркәсібінде 8,5 мың адам еңбек ететін 40 кәсіпорын бар.