2018 жылғы 23-24 мамыр аралығында Астана қаласындағы Іскерлік орталығында әскери-техникалық ынтымақтастық саласындағы халықаралық конференция — «Advanced Def Tech» ғылыми-практикалық конференциясы өтеді. Оның ұйымдастырушылары – ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ. Бұл іс-шара 2018 жылғы 23-26 мамыр аралығында елордада өтетін «KADEX-2018» V халықаралық қару-жарақ пен әскери-техникалық мүлік көрмесінің басты оқиғаларының бірі болып табылады.
Конференцияға ресми мемлекеттік тұлғалар, Қазақстан, Ресей, Қытай, Түркия, Белоруссия және басқа елдердің қорғаныс өнеркәсіп кешені (ҚӨК) компаниялары, ғылыми-зерттеу институттары мен жобалау ұйымдарының өкілдері қатысады. Олар әскери-техникалық ынтымақтастықты тиімді дамытудың өзекті мәселелерін, қорғаныс-өнеркәсіп саласын жаңғыртудың стратегиясы мен механизмдерін, жаңа технологияларды енгізу мәселелерін талқылайды.
Конференцияның бірінші күнінде келесі тақырыптар бойынша 4 параллельдік панельдік сессия өтеді: «Кеңестік әскери бронетехниканы жаңғырту. Жаңа технологиялық шешімдер»; «Доңғалақты көлік құралдарын дамытудың қазіргі заманғы үрдістері»; «Ұшқышсыз ұшу аппараттары. Жаңа буынның қаруы»; «Зымыран ұшыру жүйелерін жаңғырту — жүйелерді жетілдіру». ҚӨК-тің ең ірі өндірушілері кеңестік әскери бронетехникаларды және зымырандарды жаңғырту, доңғалақты көлік құралдарын өндіру саласындағы қазіргі заманғы әзірлемелері және ұшқышсыз ұшу аппараттарын шығару бойынша жобаларды ұсынады.
Конференцияның екінші күнінде Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов қатысатын «Қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамытудың өзекті мәселелері» тақырыбында пленарлық отырысы өтеді.
«Advanced Def Tech» ғылыми-практикалық конференциясының қорытындысы бойынша аймақ елдерінің әскери-техникалық саласындағы ынтымақтастығының негізгі бағыттары туралы қорытынды шешімге қол қою жоспарланып отыр.