Астанада «Цифрлық армия» күні өтті

Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі «Astana Hub» ІТ – стартап халықаралық технопарк алаңында  «Цифрлық армия» күнін ұйымдастырды. Оның ашылуы Премьер-Министрдің орынбасары – Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев және Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың қатысуымен өтті.

«Бүгінде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде қорғаныс пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін заманауи технологиялар қолданылады. Қорғаныс өнеркәсібіндегі қызметтің негізгі басымдығы қазақстандық ұсталымды арттыру болып табылады. Осы жұмыс үшін ІТ –технологиялар саласындағы отандық әзірлеушілер тартылады. Бұл ақпараттық технологиялар мен киберқауіпсіздік аясында жас мамандарға арналған жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді», — деді А. Жұмағалиев.

Аталмыш шара заманауи техникалық құралдар және бағдарламалық қамтамасыз етумен жабдықтау мәселелері бойынша Қорғаныс министрлігі және Қазақстан Республикасының өзге де әлеуетті ведомстволарымен ІТ-технологиялардың ұлттық өндірушілері және  әзірлеушілерімен өзара іс-қимылды ұйымдастыру  мақсатында өткізіледі.   

«Цифрлық армия» күні барысында отандық операциялық жүйе мен дерекқор жүйесін, ұшқышсыз жүйелер мен тренажерларды, автономды режимде әртүрлі дереккөздерден ауқымды деректерді жинауды, талдауды және алынған ақпарат негізінде ахуалды модельдеуді, сондай-ақ қабылданған шешімдерді әрі қарай іске асыруға қабілетті «ақылды» өзін-өзі оқыту бағдарламалық-аппараттық кешендерді құру жөнінде 40 ұлттық  IT-компанияның презентациясы өтті.

Іс-шара қорытындысы бойынша Қорғаныс министрлігі, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, «Зерде» ұлттық ақпараттық коммуникациялық холдингі, «Атамекен» кәсіпкерлер ұлттық палатасы және Қазақстан ІТ – компаниялары ассоциациясы арасында бес жақты меморандумға қол қойылды.