2018 жылы Қазақстанда цифрландырудың жалпы экономикалық тиімділігі 578 млн АҚШ долларын құрады

Бұл жөнінде Қазақстан астанасында өтіп жатқан  «IDC CIO Summit 2019» халықаралық конференциясында белгілі болды.

Бұндай тиімділік көрсеткішіне 2018 жылдан бері елімізде жүзеге асырылып жатқан «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының арқасында қол жеткізу мүмкін болды – деді конференцияның ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Абылайхан Оспанов. Экономика салаларын цифрландыру шеңберінде бүгінгі күні тау-кен металлургия кешені мен мұнай өңдеу кәсіпорындарында инновациялық технологияларды енгізу іске асырылуда. Мәселен, экономика салаларын цифрландыру шеңберінде бүгінгі күні тау-кен металлургия кешені мен мұнай өңдеу кәсіпорындарында инновациялық технологияларды енгізу жобалары іске асырылуда. «Зияткерлік кен орны» жобасын кеңейту жүргізілді, 7 модельді цифрлық фабрика құру бойынша жұмыс жүргізілуде.

Экономиканы цифрландыру және инновациялық экожүйені құру шеңберінде белсенді дамып келе жатқан бағыттардың бірі – электрондық коммерция саласы. 2018 жылы Қазақстанда аталған саладағы сауда көлемі 1,5 есеге артып, 700 млн АҚШ долларын құрады. Бұл барлық бөлшек сауда көлемі жиынтығының 2,9%-на тең.

«Кез келген кәсіпорынның цифрлық трансформациясы тиімді стратегияның бар болуын және цифрлық  технологиялар мен инновацияларды енгізуді талап етеді. Бұл міндет CIO-ға, жаһандық цифрландыру процестерімен интеграцияға, сондай-ақ жеке кәсіпорындардың ішіндегі бизнес-үдерістерге жауапты адамға жүктеледі. Цифрлық өзгерістерді жеделдету үшін компанияның немесе ұйымның бүкіл топ-менеджментін бірлескен қызметке тарту, өңірлік деңгейде серіктестікті дамыту, соның ішінде цифрландыру саласындағы Көшбасшылармен арадағы байланыстарды кеңейту және осындай алаңдарда коммуникациялар орнату арқылы дамыту маңызды», – деп атап өтті Абылайхан Оспанов.

«IDC CIO Summit 2019» ұйымдастырушыларының деректері бойынша 2020 жылға қарай жаһандық компаниялардың 30%-ы өз кірістерінің 10%-ын цифрландыруға бөліп, оларды ұзақ мерзімді инвестиция ретінде қарастырады, бұл басқарудың стратегиялық деңгейінде осы өзгерістердің маңыздылығы мен тұрақты дамуына тигізген әсерін айқындайды.

 

Анықтама:

IDC конференцияларының жаһандық сериясы – ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және кәсіпорындарда АТ-инфрақұрылымын дамытудың өзекті міндеттерін талқылау үшін жыл сайын мамандардың басын қосып отырады.

CIO (Chief Information Officer) – Ақпараттық технологиялар жөніндегі директор, ақпараттандыру жөніндегі менеджер – жаңа технологияларды енгізуге, ақпараттық ресурстарды басқаруға жауап беретін жоғары дәрежелі компанияның қызметкері. Бұл  ұғым  IT-директор, ақпараттық технологиялар бөлімшесінің жетекшісі дегенді білдіреді.