2024 жылдың 5 желтоқсанында Испанияның Airbus Defence and Space компаниясымен 2021 жылы жасалған келісімшартқа сәйкес А-400М ұшағы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің қажеттіліктері үшін Алматы қаласына жеткізілді.
Салтанатты шараға Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, авиация генерал-майоры Тоқтар Әубәкіров, ҚР Индустрия және құрылыс министрлігінің Мемлекеттік қорғаныс тапсырысы комитетінің «Қазспецэкспорт» РМК басшысы Ришат Асансеитов, Airbus Defence and Space компаниясының вице-президенті Хосе Луис Де Мигель, Еуропалық Airbus Military концернінің өкілі Елена Пария Мартин, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагері, запастағы полковник Владимир Платошин, әскери-көлік эскадрильясының жеке құрамы, Әуе шабуылы әскерлерінің әскери қызметшілері, Азаматтық авиация академиясының студенттері мен тыңдаушылары, сондай-ақ «Жас сарбаз» қозғалысының түлектері қатысты.
Airbus A400M — әртүрлі тапсырмаларды шешуге қабілетті әмбебап ұшақ. Ол, ең алдымен, ауыр техниканы, оның ішінде бронетранспортерлерді, артиллериялық қондырғыларды және тікұшақтарды тасымалдауға арналған. Сондай-ақ, бұл ұшақ төтенше жағдайларда гуманитарлық көмекті жедел жеткізу, эвакуация жасау және әскерді тасымалдау үшін де пайдаланылады.
A400M әскери және гуманитарлық миссиялар үшін маңызды құралға айналады. Бұл ұшақ Қазақстанның халықаралық бітімгершілік миссияларына қатысу мүмкіндіктерін кеңейтеді және Қазақстанның әлемдік аренадағы мәртебесін арттырады.
Қорғаныс министрлігі мен «Қазспецэкспорт» РМК басшылығы Испанияның Севилья қаласындағы авиациялық оқу орталығында қазақстандық мамандарды оқытуға белсенді қатысып, тығыз ынтымақтастық орнатқаны үшін алғыс білдірді.
Қазақстан Республикасы Германия, Франция, Ұлыбритания, Испания, Түркия, Бельгия, Малайзия және Люксембургпен бірге осы типтегі ұшақтардың тоғызыншы операторы және Орталық Азия мен Шығыс Еуропадағы бірінші оператор болып табылады.
Airbus A-400M ұшағының техникалық сипаттамалары:
Airbus A400M жүк көтергіштігі 37 000 килограмды құрайды. A400M әскери-көліктік ұшақтың максималды жылдамдығы — сағатына 802 километр, ұшу биіктігі — 12 200 метр, практикалық қашықтығы — 7 870 километр.