Қазақстанда алдағы уақытта Ан-2 және Ан-26 ұшақтарын ауыстыра алатын ресейлік өндірістің орта класты көпмақсатты ұшақтары таныстырылды

«Орал азаматтық авиация зауыты» АҚ шығаратын ұшақтардың негізгі техникалық сипаттамалары мен пайдалану параметрлері Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік органдары, Азаматтық авиация  комитеті, Мемлекеттік орман күзеті қызметі, санитарлық авиация, күш құрылымдары және т. б. өкілдерінің назарына ұсынылды.

Кездесу барысында техникалық сипаттамалары таныстырылған  шағын және орта класты көпмақсатты L-410, L-610 ұшақтары 9 және 40 орынға есептелген, сондай-ақ жүк, санитарлық және десанттық көлік түрі ретінде қолдануға арналған. 

Бұл кездесу Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Ресей Федерациясының Өнеркәсіп және сауда министрлігі арасындағы кәсіпорындардың өндірістік және ғылыми – техникалық кооперациясы саласындағы екіжақты ынтымақтастық жоспарын іске асыру шеңберінде өтті.

Таныстырылымнан соң азаматтық авиация зауыты делегациясының мүшелерін  ҚР Цифрлық  даму,  қорғаныс  және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі Талғат Жанжүменов қабылдады.  Оның айтуынша, ведомство мемлекеттің қорғаныс қабілеті мен тіршілік әрекетін қамтамасыз ету бойынша міндеттерді орындауға мүмкіндік беретін қару-жарақ пен әскери техниканың, өнімдердің заманауи үлгілерін тұрақты негізде зерттейді. Сондай-ақ, елімізде шетелдік серіктестермен бірлесіп, қазақстандық кәсіпорындар базасында іске асырылуы мүмкін жаңа перспективалық  жобаларға ерекше көңіл бөлінеді.

Авиатехниканың осы түрлеріне қазақстандық мемлекеттік органдар тарапынан қызығушылық болған жағдайда, осы ұшақтарды құрастырып шығаруды, не оларды жөндеу мен техникалық қызмет көрсетуді ұйымдастыруды Қазақстан аумағында ретке келтіруге болады. Өйткені біздің елдің нарығы ресейліктер үшін перспективалы және тартымды болып табылады.