Қазақстан Түркияға әскери мақсаттағы өнімдерді экспорттайтын болады

Түркия Республикасының Стамбул қаласында өткен қорғаныс саласының «International Defense Industry Fair  2019» 14-ші халықаралық көрмесінің нәтижесінде қазақстандық делегация осындай келісімге қол жеткізді.

ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш министрлігінің кәсіпорындар құрылымына енетін «Қазақстан Аселсан инжиниринг» ЖШС («Қазақстан Инжиниринг» ЖШС) Түркия Республикасына  оптикаэлектрондық құралдарды экспорттау жөнінде шарт жасасты.  Бұдан өзге, компания түрік кәсіпорнымен Қазақстан Республикасының аумағында тікұшақтарға арналған электрондық құрылғылар кешенін жаңашаландыру жөнінде меморандумға қол қойды.

Қазақстандық делегация халықаралық көрме аясында шетелдік әріптестерімен 20-дан  астам түрлі кездесулер өткізді. Атап айтқанда, кооперация, инвестициялар мен жаңа жобаларды тарту шеңберінде бірлескен жобаларды құру мәселелері түркиялық «MKEK» және  «Aselsan» арасындағы, сондай-ақ «TAI» компаниясымен бірлескен жаңа жобаны жүзеге асыру туралы келіссөздер жүргізу барысында талқыланған тақырыптардың  өзегі болды. 

Кездесулер нәтижесінде таяуда түркиялық бес компанияның қорғаныс саласында бірлескен жобаларды жүзеге асырудың техникалық тетіктерін айқындау мақсатында Нұр-Сұлтан қаласына арнайы келуі жоспарланған.

Биылғы «International Defense Industry Fair  2019» көрмесіне Қазақстан алғаш рет Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Қорғаныс министрлігі және отандық қорғаныс өнеркәсібі кешенінің кәсіпорындарынан құралған үлкен делегациямен қатысты. Делегацияны ҚР ЦДҚАӨМ бірінші вице-министрі Талғат Жанжүменов басқарды.  Қазақстандық қорғаныс өнеркәсібі кешенінің өнімдері халықаралық көрмеде бір ұлттық экспозиция ретінде ұсынылды және шетелдік әріптестер мен серіктестер тарапынан үлкен қызығушылық тудырды.

Отандық қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындары өнімдерінен құралған бір ұлттық экспозиция  алдағы уақытта «MILEX-2019» (Беларусь Республикасы, Минск қ.) және «АРМИЯ-2019» (Ресей Федерациясы, Кубинка қ.) халықаралық көрмелерінде көпшілік назарына ұсынылатын болады.

Анықтама:

Халықаралық IDEF көрмесі Түркияда екі жылда бір рет ұйымдастырылады және қорғаныс өнеркәсібі саласындағы әлемдегі ірі  әрі  беделді  көрмелердің ондығына енеді.

Бұның алдында өткен IDEF 2017 көрмесіне 50 мемлекеттен 820 компания қатысып, 116 мемлекеттен келген 65 мыңнан астам қатысушы экспозициялармен танысқан.

IDEF көрмесі – өндірушілер үшін заманауи қорғаныс технологияларымен және әскери өнеркәсіп кешені саласындағы үлгілерімен, әскери техниканың жаңа әзірлемелерімен танысудың  мүмкіндігі болып табылады.