«Семей машина жасау зауыты» («Қазақстан инжиниринг» ҰҚ» АҚ-ның еншілес кәсіпорны) шынжыр табанды тасымалдағыш көлікті экспортқа шығара бастады. Аталмыш техникалардың 4 данасы Ресейге жөнелтілді.
«Семей машина жасау зауыты» бүгінде ТМД аумағында осындай техникаларды шығаратын бірден бір кәсіпорын болып табылады.
Зауыттың Бас директоры Нұрлан Омаровтың айтуынша қазір кәсіпорын шығаратын техникаларда қазақстандық өнімнің үлес салмағы өте жоғары және олар барлық талаптарға сай, сондай-ақ өздерінің сипаттамалары бойынша шетелдік өнімдерден еш қалыспайды.
Шынжыр табанды тасымалдағыш көлік жолдағы кедергілерден өтімділігі жоғары, жылдам жүре және жүзе алатын, жүк таситын, алдыңғы доңғалақтары тартқыш машина болып табылады.
Бұл көліктер өте қолайсыз климаттық жағдайларда (ұйық батпақты, қарлы, орманды, таулы және шөлейт аймақтарда) қоршаған ортаның температурасы от + 60 градустан – 70 градусқа дейін жететін жерлерде пайдалануға арналған.