«Арланның» қатарын енді «Алан» толықтырды. Тұңғыш Президент күніне еліміздегі брондалған көлік шығаратын компания осындай тарту жасады

Риат Шони, тілші: – Еліміздің қарулы күштерінің қатарын толықтырғалы тұрған су жаңа «Алан» брондалған доңғалақты машинасы. Негізінен командалық-штабтық жұмыстарды атқаруға бейімделген. Ішіне 10 адам емін-еркін сыя алады. Бастысы, қарапайым көліктер жүре алмайтын жолдарда сағатына 160 шақырым жылдамдықпен еркін жүйтки алады. Бұл – отандық әскери техника құрастырушы компанияның израильдықтармен бірлескен жобасы. Технология да соларға тиесілі. Көлік басынан бақайшығына дейін брондалған. 7,62 калибрлі оқ та тесіп өте алмайды. Бір сөзбен айтқанда, нағыз НАТО-ның стандарты.

Көбей Жаңбыршы, әскери техника құрастырушы компания бас директорының орынбасары: – «Алан» брондалған көліктің негізгі ерекшеліктері – ол қорғаныс деңгейі STANAG стандарты бойынша 3-ке жатады. Сонымен қатар мобильді, жылдам көлік. Көлікті бізге тапсырыс берушілердің талаптары бойынша барлау қызметіне, жауынгерлерді тасымалдау қызметтеріне арнап шығара аламыз. Салмағы 6 тоннадан асатын «Алан» көлігі арнайы полигонда талай тексерістен өтті. Сынақ кезінде сыр бермей, барлығына шыдас берді. Енді тегеурінді тың техника еліміздің күш құрылымдарына жеткізіледі. Ержан Исеев, құрастыру цехының бастығы: – Бұл көлікті құрастыру орташа қиындық туғызады. Он күнде жасап шығара аламыз. Біздің мамандар техниканы құрастыру үшін шетелде біліктіліктерін арттырып келді. Отандық кәсіпорын ішкі нарықты қамтып болған соң әскери техниканың бұл түрін шетелге жөнелтуді жоспарлап отыр.

 

Дереккөз:

http://khabar.kz/kz/news/kogam-kz/item/97891-alan-k-ligi-elimizdi-k-shtik-rylymdaryna-zhetkiziledi